
"Қазақша оқитын кітап жоқ" дейміз, "Қазақша шығармалар не ауыл өмірі, не тарих туралы - қызықсыз" деп пікір айтып жатамыз. "Неге Гарриді Хәрри деп қойғансыңдар, бұл не деген аударма?" деп бұлданамыз. Қазақша кітап іздейміз, тауып қалып жатсақ, сын айтамыз. Ал кейде, бар затты көрмей жүреміз. Біз өзі бір қызықпыз.
Соңғы екі жылда елімізде қазақ тіліне деген көзқарастар өзгергені байқалады. Ерекше байқалады. Бұл өзгерістер әдебиет саласын айналып өтпегені анық, себебі бүгінде кітап баспалары әлем әдебиетінің үздің шығармаларын қазақшалауда үлкен жұмыс атқаруда. Қазір кітап дүкендерінің сөресінен Том Сойер, Дымбілмес немесе Чиполлиноның хикаяларын қазақ тілінде кездестірсек таң қалмаймыз және бұл қуантарлық жайт.
Шетте қалмайық деп, біз де қазақшаланған шетелдік әдебиетке шолу жасадық. Төменде Елордалық «Фолиант» баспасынан жарық көрген тоғыз туынды жайлы ақпарат ұсынылған. Бұл баспа жылдың соңына дейін Толкиннің "Сақиналар әміршісі", Дэн Браунның"Код да Винчи", Шарлотта Бронтенің "Джейн Эйр" және Стивен Кингтің "Сол" шығармаларын басып шығармақ.
Жазғы демалысыңызды қазақша әдебиетпен толықтыруға асығыңыз!
- "Кішкентай ханымдар" - Луиза Мэй Олкотт
Луиза Мэй Олкоттың атақты «Кішкентай ханымдар» романы балалар әдебиетінің әлемдік классикасына айналған. Апалы-сіңлілі төрт қыздың балалық шағы жайлы оқиғалар желісі талай ұрпақтың жан дүниесін жаулаған.
Романдағы оқиға XIX ғасырдың аяғында Америкада өтеді. Марч әулетінің апалы-сіңлілері — сұлу Маргарет, ер мінезді, жайсаң Джо, мейірімді Бесс және жаны нәзік Эмидің әрқайсысының өз арман-мақсаты, тілегі бар. Олардың ортақ тілегі ата-аналарының сүйіспеншілігіне лайық болғысы келеді.
Бұл кітап көктемнің таңғы шапағы, бұлақтың сыңғыры іспеттес. Одан даршын мен балалық шақтың иісі аңқиды, күлімсіреп еске алатын көптеген оқиғаларды көз алдыңа әкеледі.
- "Жасыл Миль" - Стивен Кинг
Танымал американдық жазушы Стивен Кинг бұл романында оқырмандарды Луизиана штатында орналасқан Суық Тау түрмесіндегі сұмдық оқиғалардың куәсі болуға шақырады. Өлім жазасына кесілгендерді жазалауға арналған Олд Спарки электр орындығына апаратын дәлізді тұтқындар Жасыл миль атап кеткен.
Түрме бақылаушысы Пол Эджкум мен басқа күзетшілер кей жағдайлардың біз ойлағаннан әлдеқайда басқаша екеніне көзі жетеді. Кейде темір тордың арғы жағындағы қылмыскердің адамгершілігі кәдуілгі адамнан артық болуы мүмкін. «Е» блогындағы тұтқындар үшін ажал өмірдегі барлық қайғы-қасіреттен арылудың жалғыз жолы болып қалады.
- "Робинзон Крузо" - Даниель Дефо
Адам баспаған иесіз аралда қалған Робинзон Крузо адамзат өркениетінің бүкіл жүріп өткен жолын қайта өткеріп, өз тіршілігін қалпына келтіреді. Еріксіз жалғыз ғұмыр кешуге мәжбүр болған талайсыз қаһарман ойлануға мұрсат алып, басына түскен қиындықтың себебіне үңілу арқылы тәубасына келіп, құдай жолына түседі. Жүрегіне иман орнап, жаны тыныштық тапқан Крузо қауіпті де алмағайып жалғызілікті ғұмырында пешенесіне жазылған адам төзгісіз қиындықтардың бәріне төтеп береді.
Адамның ақыл-парасаты мен ерік-жігерінің сынға түсіп, шар болаттай шыңдалуының әдеби-көркем баянының үздік үлгісін алдымызға жайып салады.
- "Алқызыл желкендер" - Александр Грин