
The article is published in the original language used by the author.
Резюме компанияларға өздерінің талаптарын анықтауға, ал өтініш берушілерге ұсыныстарын нақты көрсетуге көмектеседі. Жұмысқа орналастыру процесіне сындарлы көзқарас таныту мен оның мақсаттарын түсіну сізге жетістікке жетуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, резюме жіберу арқылы ақылы тағылымдамаға (internships), қызықты конферециялар мен зерттеу жұмыстарымен айналысуға шақырту алуыңыз да ғажап емес.
Әр бос орынға ондаған резюмелер жіберіледі, сондықтан да жұмыс берушілер өтініштерді тез әрі тиімді сұрыптаудың жолын табуға міндетті. HR мамандар ресурстарын және уақытын бос кетірмеу үшін талантты кандидаттарды тез анықтап алу мақсатында сіздің резюмеңізді саралауға орта есеппен алты секунд уақыт қана жұмсайды.
Алты секунд ішінде жұмыс берушіні қалай қызықтыруға болады?
1. Жұмыс берушіге өз резюмеңізді түзетуге негіз бермеңіз (орфографиялық қателерден, нұсқауларға немқұрайлы қараудан аулақ болыңыз).
2. Резюме дизайнына мән бергеніңіз жөн, бұл тұста Adobe Photoshop, Canva секілді құралдарды пайдалансаңыз болады.
Ал, келешек жұмыс орныңызды нақтылап алу үшін жұмыс орнын іздеген кезде келесі нұсқауларды орындаңыз:
1. Сізді қызықтыратын компанияларда резюме жіберудің соңғы мерзімдері туралы біліп алыңыз.
2. Мүмкіндігінше ертерек бастаңыз, бәрін соңғы сәтке қалдырмаңыз. Сонда сіз қосымша хат жазуға, тест тапсырмасын орындауға және сұхбатқа дайындалуға көбірек уақыт ұтып аласыз.
3. Университет ұсынатын мүмкіндіктерді барынша пайдаланыңыз: жұмыс берушілермен кездесулер, жәрмеңкелер және т.б.
Мақсатыңыз бен күтетін нәтижені анықтап болсақ, ойыңыздағы жұмысқа орналасудың кезеңдерімен таныс болайық.
1 кезең. Резюме және мұқабалық хат (cover letter)
Резюме және қосымша хат - сіздің жұмыс берушіңізбен ресми байланыс орнатудың алғашқы мүмкіндігі. Жағымды әсер қалдыруға тырысыңыз. Резюмені жазбас бұрын, аздап ізденіс жасаңыз. Сіз осы компанияға неліктен жұмысқа орналасқыңыз келеді? Сізді не қызықтырады? Сізді лайықты үміткер ететін не? Олар неліктен қызметкерлерді жалдайды? Сізден нені естігілері келмейді?
Резюме
Сіздің резюмеңіз 1-1,5 парақтан аспауы қажет және ол беттерді ақпарат толықтай қамтылуы маңызды.
Аты-жөніңіз және байланыс құралдары. Бұл ақпарат қысқа болуы керек. Жас ерекшелік, ұлт, дін туралы ақпаратты қосудың қажеті жоқ. Кәсіби емес электрондық пошта адресін жібермеңіз (мысалы, idealprincess99@gmail.com).
Лауазым (Job position). Қазіргі уақыттағы қызметіңіз немесе немен айналысып жатқаңыз туралы қысқаша хабарлама. Резюме өтініш берген бос орынды ескере отырып жасалуы керек.
Білім. Соңғы оқыған жеріңізден бастайсыз. Егер марапаттар, бағалар немесе арнайы дайындық курстары сияқты мәліметтер жұмысқа қабылдануыңызға септігін тигізеді деп ойласаңыз, оларды қосуыңызға болады.
Жұмыс тәжірибесі. Тағы да, сіз ең соңғы жұмыс тәжірибеңізден бастауыңыз керек. Егер бөлім тым ұзақ болса, сіз бұл тізімнен маңызды емес немесе маңызды емес деп санайтын тәжірибеңізді алып тастауыңызға болады. Студенттерге бұл бөлімді толтыру оңай емес, сондықтан оған барлық тәжірибеңізді қосуға тырысыңыз: ақылы жұмыс, тағылымдама және ерікті қызметтер.
Әмбебап дағдылар (қосымша бөлім). Егер жұмыс тәжірибесі тым қарапайым болса, сіз оқу, жұмыс және басқа қызмет барысында алған кең қолдану дағдыларыңыз туралы толық ақпаратты осы бөлімде сипаттай аласыз. Бұл сіздің жұмыс тәжірибеңіздің пайдасын барынша арттырады және жұмыс берушілерге сізді қызықтыратын негізгі дағдыларыңыздың бар екенін көрсетеді. Лауазымға сәйкес нақты дағдыларды анықтауға тырысыңыз.
Қосымша дағдылар / жетістіктер. Бұл бөлімде сіз жұмыс берушіге компанияға пайдалы болатын арнайы дағдыларыңыз туралы айтуыңыз қажет. Шет тілдері, ақпараттық технологияларды пайдалану дағдылары, жоғары лауазымдарда жұмыс істеу, марапаттар - осының бәрі сіздің резюмеңізді жандандырады. Егер де белгілі бір бағдарламамен жұмыс істей алмасаңыз, оны білемін деп қосудың қажеті жоқ (Мысалы: Corel Draw, Adobe Photoshop, Microsoft Excel және т.б.).
Ұсыным хат (Recommendation letter). Сізге ұсыныстар беруге дайын адамдардың есімдері мен байланыстарын қосуға болады (алдымен олардың келісімін сұраңыз!). Көптеген резюмелер «Ұсыным хаттар сұралған жағдайда жіберіледі» (References available upon request) деген сөздермен аяқталады.
2 кезең. LinkedIn резюмесі
LinkedIn - жұмыс берушілердің жұмысшылар мен мамандарды табуға арналған тегін ресурс, қысқаша айтқанда сіздің интернеттегі резюмеңіз. Жұмыспен қамту дәстүрлі жазбаша резюмені қажет етеді, бірақ LinkedIn де жұмыс табуға өте пайдалы бола алады. Бұл әртүрлі ұйымдармен байланыс орнатудың және іскери байланыстар желісін құрудың жақсы тәсілі.
LinkedIn тіркелген пайдаланушыларға бизнес контактілер тізімін жасау және сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, осы желі өзіңізді қызықтыратын лауазымдарды тауып, оларға батырманы бір-ақ рет басып, резюмені тапсыруға мүмкіндік береді. Өзіңіз туралы ақпарат пен сертификаттарыңызды тіркеп, LinkedIn-дегі парақшаңызға қосуды ұмытпаңыз.
3 кезең. Қосымша хат (cover letter)
Қосымша хатты резюмеге қоса жіберуіңіз керек. Оның мақсаты - өзіңіз туралы қосымша ақпаратты дұрыс, сыпайы түрде ұсыну. Қосымша хат жазған кезде:
° қысқа, сыпайы және нақты болыңыз;
° кім екеніңізді және белгілі бір адамға немесе ұйымға неге хабарласып жатқаныңызды айтыңыз;
° өзіңізді неге осы бос жұмыс орнына лайықты кандидат деп санайтыныңызды түсіндіріңіз;
° жұмыс берушінің назарын сіз туралы егжей-тегжейлі ақпаратты қамтитын резюмеге аударыңыз;
° уақыт пен көңіл бөлгені үшін жұмыс берушіге алғыс білдіріңіз;
° күнін, аты-жөнін және адресаттың ресми атын, байланыс мәліметтерін және қолын қосыңыз.
Ғаламтор желісінде көптеген резюмелер мен қосымша хаттарды ң мысалын табуға болады. Үлгіні пайдалану кезінде оның сіздің қасиеттеріңіз бен жетістіктеріңізге сәйкес келетініне көз жеткізіңіз. Мен ұсынатын сайттардың кейбірі:
• FreeResumeSamples - ыңғайлы резюмелер жиынтығынан түрлі санат бойынша іздеу.
• Monster - ең үлкен рекрутинг порталынан алынған резюмелер
• Dayjob.com - дайын қосымша хаттардың үлгілері.
• Susan Ireland's Resume Site- қосымша хаттардың таңдаулы нұсқалары.
4 кезең. Бейне-сұхбат
Бұл келесі кезеңге үміткерлерді іріктеудің экономикалық әдісі. Телефонмен сұхбат деген не екені барлығына мәлім. Бұндай сұхбат шамамен 15-20 минутқа созылады, осы уақытта белгілі бір лауазымға, деңгейіңізді анықтауға қатысты және саладағы жағдай туралы біліміңізді бағалайтын стандартты сұрақтар қойылады. Сіз өзіңізді жақсы жағыңыздан көрсетуіңіз үшін алдын-ала дайындалып, жазбаларыңызға назар салыңыз. Дайын жауаптарды оқымауға тырысыңыз.
Технологияның қол жетімділігіне байланысты, бейне сұхбаттар уақыт өткен сайын қолданысқа кеңінен енуде. Мұндай сұхбатты өткізу үшін жұмыс беруші Skype, Hangouts, Zoom, басқа да бағдарламаларды қолдана алады.
5 кезең. Жеке сұхбат
Сұхбаттың әртүрлі форматтары бар. Кейде жұмыс берушілер әңгімелесудің қандай түрін ұнататынын жасырмайды. Барлық типтегі сұрақтарға жауап беруге дайын болыңыз.
Мұнда сізге сұрақтар қойылатын бірнеше мысалдар келтірілген.
Осындай сұрақтар жалпы әрбір сұхбатта қойылады:
1. Сіз бұл жұмысты неге таңдадыңыз?
2. Сізді қандай қасиетіңіз осы жұмысқа лайықты етеді?
3. Жұмысқа орналасқаннан кейін, келесі 5 жылда өзіңізді қалай елестетесіз?
4. Жұмысқа орналасарда қандай қиындықтармен кездестіңіз?
5. Алдыңғы жұмыс және оқу тәжірибеңіз туралы қысқаша ақпарат беріңіз.
Компаниялар сіздің олармен жұмыс істегіңіз келетіндігіне көз жеткізгісі келеді. Сол себепті келесі сұрақтарды да қою ықтималдығы жоғары:
1. Қазіргі уақытта біздің салада қандай маңызды проблемалар бар?
2. Біздің компания туралы жақында бұқаралық ақпарат құралдарынан не білдіңіз?
3. Сіз біздің компанияда неге жұмыс істегіңіз келеді?
4. Сіздің ойыңызша, біздің компанияның ең күшті және әлсіз жақтары қандай?
5. Біздің өнімдеріміздің/қызметтеріміздің қайсысын сіз пайдалы деп санайсыз және неге?
Соңғы кездері сұхбат барысында жұмыс берушілер кандидаттардың күшті жақтарын, артықшылықтары мен жағымды қасиеттерін анықтауға тырысуда. Бұл сұрақтар сіздің кім екеніңізді түсінуге көмектеседі. HR менеджерлерге аз уақыт ішінде сіздің қандай адам екеніңізді түсіну қиын, сондықтан жеке басыңызға қатысты сұрақтарды, айналысатын ісіңізді сараптай отыра, белгілі бір қорытынды шығарады.
1. Сіз мінсіз деп санайтын күніңізді (ideal day) сипаттаңыз.
2. Компания қызметіне қандай үлес қоса аласыз?
3. Сіздің ең күшті / әлсіз жағыңыз қандай?
4. Сіз бос уақытыңызда не істегенді ұнатасыз?
5. Сіз ерекше мақтан тұтатын нәрселеріңіз туралы айтып беріңіз.
Қорытындылай келе, қазіргі іс-әрекеттеріңіз сіздің келешек мақсаттарыңызға жасаған қадамыңыз болып табылады. Сіздің болашағыңыз тек сіздің қолыңызда. Ғаламтор толы ақпарат, ең бастысы дұрыс ақпаратты тауып, дұрыс таңдау жасай білу. Табысты жұмысқа орналасудың 5 кезеңі сіздің арманыңызды жүзеге асыруға бағытталған алғашқы қадам болатынына сенімдімін. Олай болса, іске сәт!
P.S. Ғаламтордағы ақпараттармен танысып, осы схема бойынша өз резюмемді жасап, бірнеше жұмыс орындарға жіберген болатынмын. Солай Польшадағы халықаралық компаниялардың біріне ақылы тағылымдаға (paid internship) шақырту алдым. Әлемде орын алған жағдайларға байланысты бара алмайтыным өкінішті болғанымен, бұл уақытты өз дағдыларымды жақсартуға берілген мүмкіндік деп санаймын. Санаулы сағаттар ғана кететін бұл жұмысты кейінге қалдырмай, қазірден бастап іске кірісейік!
Автор: Арыстан Жайна - Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2018 түлегі