
The article is published in the original language used by the author.
Бәріміз күн сайын өз еркімізсіз-ақ пікірталастарға қатысып жатамыз. Пікірталастар арқылы ата-анамызды немесе мұғалімдерді сендіреміз, жиналыстарда еркін сөйлейміз, жолдастарымызбен ой алмасамыз және түрлі тақырыптарды талқылаймыз. Пікірталас өмірдің ажырамас бір бөлігіне қадай айналып кеткенін өзіміз де байқамай қалдық.
Ал осы пікірталас, яғни дебат дегеніміз не?
Дебат - француз “debats” сөзінен шыққан және талқылау, пікір алмасу дегенді білдіреді. Дебат арқылы екі тарап пікір алмасып, дискуссия жүргізеді. Мұндай қоғамдық пікірталас қатысушыларын бір-бірін емес, үшінші жақты сендіруге бағытталған. Сондықтан пікірталасқа қатысушылар қолданатын вербалды және вербалды емес құралдар аудиторияның проблема бойынша белгілі бір пікір қалыптастыруына әсер етеді.
Дебат адамдарды пікірсайыс режимінде көпшілік алдында сөйлеу мен ойлау қабілеттерін, тапқырлықты дамытады. Пікірсайыста сіздің тезистеріңізді және дәлелдеріңізді нақты тұжырымдап, аргумент пен шешу жолдарын ұсынып қана қоймай, қарсылықты жоққа шығарып, қарсыластардың сұрақтарына сенімді жауап беріп, неліктен ол тараптың ойы дұрыс емес екендігін дәлелдеп беруіңіз керек. Пікірсайысты спортпен теңеуге болады, бірақ пікірталас бұлшықет күші мен спорттық жабдықтың орнына, ойлау қабілеті мен сөйлеу техникасын қажет етеді.
Дебат туралы “тек сөз таластырғанды жақсы көретін адамдар, ұрысқақтар ойнайды, яғни олардың бәрі бос ұрыса береді” деген стереотиптер де бар. Дегенмен жақсы сөйлеуші спикер кез-келген нәрсені дәлелдей алатын қабілеті бар екендігін естен шығармау қажет. Дебатер дәрежесі харизмалық көшбасшы, қоғам қайраткері және тамаша саясаткер дәрежесімен тең. Сондықтан дебат “ұрысу” емес, бір позицияны таңдап, өз ойыңды дәлелдеу, халықты оған сендіре білу шеберлігі.
Қазіргі таңда дебат мектептер, университеттер, қалалар мен елдер арасындағы қызықты ақпараттық ойынға айналған және бүкіл әлемде кең таралған. Пікірсайыс клубтары жұмыс істейтін ең танымал университеттері қатарына Оксфорд, Кембридж, Йель, Гарвард, Сорбонна жоғарғы оқу орындары кіреді. Олар дебатты тек хобби есебінде ғана емес, мұғалімдер сабақта пайдаланатын тәсіл деп біледі.
Қазақстанда пікірсайыс шеберлігі қарқынды дамуда. Көптеген орта және жоғары оқу орындарында пікірсайыс үйірмелері бар, жыл сайын еліміздің ішінде түрлі республикалық турнирлер мен жобалар іске асырылуда. Осындай жобалардың басты мақсаты - Қазақстандағы пікірталас қозғалысын жандандыру және пікірсайыс федерациясын құру.
Тарихқа көз жүгіртсек...
Пікірталас демократияның ажырамас элементі болған. Ежелгі Грециядан бастау алады. Афинада азаматтар ұсынылған әртүрлі заңдардың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы пікір таластырды, мұндай дау мәселені жан-жақты талдауға мүмкіндік берді.
Ежелгі Римде беделі жоғары арнайы риторика мектептерінде шешендік өнер оқытылды.
Көпшілік алдында сөйлеу курстары мен пікірталастар орта ғасырларда Еуропада кең тараған. Бұл дәстүр кейінірек Ресейдің білім беру жүйесінде де дамыды. Мәскеу университетінде пікірталастар 12 тілде өтті.
АҚШ-та ХХ ғасырдың 30-жылдарында дебат жастар белсенділігінің бір түрі ретінде қалыптаса бастады. Сайлау науқандары пікірталастың дамуына жаңа серпін беріп, оларды қазіргідей етіп қалыптастырды. Америка Құрама Штаттарындағы пікірталас 1960 ж. Президенттік сайлау кезінде, Джон Кеннеди мен Ричард Никсон арасындағы алғашқы теледидарлық дебаттан кейін күшейді.
Ойын барысы қалай өтеді?
Дебаттың әр түрлі форматтағы жарыстары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Қазақстанда көп таралған пікірталастар форматы: Американдық Парламент (АПФ), Британдық Парламент (БПФ), Карл Поппер, сондай-ақ Линкольн-Дуглас (ЛД).
Пікірталаста екі тарап болады: үкімет және оппозиция. Ойынның түріне байланысты спикерлер саны өзгеріп отырады: жалпы АПФ-та 4 адам, БПФ-та 8, ал ЛД мен Карл Попперде 2 ғана адам ойнайды. Фракцияның әр мүшесі өзінің кейсін таныстырып, қорғау үшін белгіленген уақыттары болады.
Төреші жеке пікірлерін ескерместен, өз шешімін пікірсайыс қатысушыларына негіздеп, келесі ойындарда нені және қалай жақсарту керектігі туралы нұсқаулар беруге міндетті. Пікірсайыс турнирлерінде төрешілер жеңімпаздар мен жеңілгендерді анықтаумен қатар, спикерлерді жеке бағалайды, оларға жеке спикерлік ұпайлар береді. Жеңістердің саны мен спикерлердің ұпайларының қосындысына сәйкес кесте құрылады, оның негізінде командалар келесі кезеңде қарсыластарды тағайындайды. Пікірсайыс турнирі бірнеше турдан тұрады. Турнирдің ең озық командалары финалға шығады. Сонымен бірге, дебаттарда олимпиадалық принцип жұмыс істейді, өйткені жеңіс емес, қатысу басты құндылық болып табылады.
Бізге пікірсайыс клубы не үшін керек?
Адамдар көбіне жақсы сөйлеп, көрермендер мен тыңдармандардың назарын аулағанын қалайды. Алайда сөйлеу техникасы барлығында теңдей жақсы дамымаған. Көбісі қоғам назарынан, пікірталасқа кіруден қорқады және өз көзқарасын дәлелдей алмайды. Бірқатар адамдар сөйлеу шеберлігінің өміріміздегі маңыздылығын түсінбейді.
Алайда сөйлеу өнері - бұл қоғамға әсер етудің ең күшті, ең тиімді құралы. Егер адам шешендік шеберліктің ең жоғары деңгейін бағындырса, сенімді сөйлеуде маңызды артықшылыққа және әлеуметтегі беделге ие болады.
Пікірсайысқа қатысушылар қандай қасиеттерді дамытады және жетілдіреді?
-
Көпшіліктің алдындағы қобалжуды жойып, сенім мен мінез-құлық еркіндігін;
-
Аудиторияны бақылай отыра, халық назарын аудара білуді;
-
Тапқырлық пен жылдам ойлау арқылы тұжырымды қарсылықтар айтуды;
-
Дәлелдеменің беріктігін, тиімділігін және дәлдігін;
-
Сөйлеудегі шығармашылық пен креативтілікті;
-
Барлық мәселеге сыни көзқараспен қарауды;
-
Кез-келген қарсыласқа қиындық туғызатын сұрақ қоюды;
-
Жеке шешендік және сөз шеберлігін;
-
Ойды қысқа, бірақ нақты жеткізе білуді.
Дебат ойнау бізге қандай міндеттерді жүктейді?
-
Сыни және креативті түрде ойлауға қабілетті, жауапты, әлеуметтік тұрғыдан жетілген жастар ұрпағын қалыптастыру;
-
Жоғары оқу орындарының студенттерін белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру;
-
Өскелең ұрпақтың арасында білімге деген жеке ізденістерін дамыту;
-
Жарыссөз жүргізу ережелеріне және шешендік өнерге үйрету;
-
Дипломатиялық дауларды шешу қабілетіне тәрбиелеу;
-
Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру бойынша жаңа
идеялар ойлап табу.
Жеке тәжірибеме келетін болсам, мен мектеп кезінен бастап мектеп лигасында, ал қазіргі университеттегі студенттік лигада ойнап жүрмін.
Дебатқа деген қызығушылығым бұрыннан болатын, бірақ оны қалай, қайдан, неден бастайтынымды білмедім. 9-сыныптың басында мектебімізде дебат үйірмесі ашылған кезде, алғашқы болып жазылғандардың бірі мен едім. Дебатта мен жаңа ортаға келіп, ниеттес достар таптым. Қаланың, облыстың ірі турнирлеріне қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мықты спикерлермен таныстым, тәжірибе алмастық.
Дәл қазіргі уақытта, журналистика мамандығында оқи отыра, дебаттың маған бергені және әлі де берері мол екендігін түсініп жүрмін. Журналист - өзіне және өзінің сөздеріне сенімді, сыни ойлап, анализ жасай алатын, көпшіліктің және камераның алдында сөйлейтін мамандық иесі. Дәл осы сенімділік пен нақтылықты осы дебаттан үйрендім, себебі төреші мен дебат сүйер қауымның алдында сөйлеп, олардың назарын жоғалтып алмайтын барлық тәсілдерді пайдаланасың. Сонымен қатар, журналистикадағы жаңалықтардың көбісі дебаттағыдай анализ мен факттар қолдана отырып жазылады, яғни мен бұл дағдымды мектеп кезден шыңдап келдім.
«Bilim Media Group» бірлестігінің басқарушы директоры - Нартай Әшімнің пікірінше, дебат ойындары өзекті әрі қажетті дағдылардың қалыптасуына көп көмектеседі:
– Меніңше, бойымдағы пайдалы дағдылардың барлығы дебат бағдарламасының арқасында қалыптасып, дамыды. Бүгінде білім беру саласында жұмыс істеймін, қазіргі құбылмалы қоғамдағы басты дағды – hard skills, яки бір мамандыққа байланбай, жаңа дүниеге жылдам бейімделу екенін әріптестерімізбен көп айтамыз. Бұл – біздің ойымыз ғана емес, әлемдік белді сарапшылардың пікірі. Дебат бағдарламасы дәл осы дағдыны қалыптастыруға көп көмектесті, –деп түйді ол.
Мен дебатқа келгеніме, осы саланы танығаныма ешқашан өкінген емеспін. Осы сәтті пайдаланып, мектепте ең алғашқы менің дебатқа деген қызығушылығымды ашып, маған қолдау көрсеткен жетекшім, Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушы-курторы – Ратбек Қажыханұлына алғысымды білдіргім келеді!
Автор: Алтынай Мухрадинқызы - Қостанай қаласы физико-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі