
Статья публикуется на языке оригинала
Қазақшаңыз қалай, зияткер?
Араласатын дос-жаран, туыс-тамыр және барлық ортам орыс тілді, университеттегі сабақтарым ағылшын тілінде, соңғы рет қашан қазақша кітап оқып, қазақша дубляждалған кино көргенім есімде жоқ. Мектеп кезінің өзінде қазақ жазушыларының шығармаларының орысшаға аударылған нұсқаларын оқығанмын және бұл мәселеге аса мән бермеппін. Ал біраз уақыт бойы қазақшамды қалай жақсартсам болады деп іздендім, біршама кітап оқыдым, тіл үйренудің әртүрлі әдістерін қолдандым және бар тапқанымды сіздермен бөліскім келеді. Кім біледі, сіздердің араларыңызда да мен сияқты қазақша жақсы сөйлегісі келетіндер бар шығар...
Әдеби кітаптарды оқу арқылы қазақ тілін дамыту.
Әдеби кітаптар дегенге «Мен Абай жолын қалай түсінемін?» немесе «Көшпенділердің үш кітабын оқу қиын ғой» деп қорықпаңыздар. Қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың барлығы тұрақты тіркес, көне сөздерден тұрмайды. Шындыққа келсек, қысқа да нұсқа жазылған, қызықты сюжеті бар шығармаларды қазақ тілді прозаның ішінен табуға болады. Кітапты оқып, сөз байлығыңызды толықтырып, сөйлем құрылыстарын түсінгіңіз келсе, орысша аударылған шығармаларды оқыңыз,яғни қазақша оқисыз, бірақ қолыңызда ол кітаптың орысша нұсқасы болады және түсінбеген жағдайларда орысша кітапқа қарап отырасыз. Көптеген тіл мамандары осындай қостілді әдебиетті оқуға кеңес береді. Кітап оқу барысында сөздік дәптер бастасаңыз болады, таныс емес сөздерді немесе өзіңізге ұнаған сөз орамдарын сол жерге жазып отырасыз. Мен сіздерге келесі кітаптарды оқуға кеңес беремін:
- «Ай мен Айша»
- «Апамның астауы»
- «Әпке»
- «Бір атаның балалары»
- «Жылымық»
- «Екінші болма»
- «Менің атым Қожа»
- «Тәмпіш Қара»
- Егер кітап оқуға уақытыңыз болмаса немесе бұл әдіс сізге ұнамаса, қазақша дубляждалған кинотуындыларды көрсеңіз болады.
Кинотеатрға барсақ та, ғаламтордан кино-сериал көрсекте, орыс немесе ағылшын тіліндегі нұсқаларды көретініміз құпия емес. Кинотеатрларда міндетті субтитрлардың сапасына көңіл толмайтыны өз алдына, субтитрлармен көрген кино сізге қазақ тілді актерлармен түскен киноларды алмастыра алмайды. Қазақшаны үйрену тек оқып-жазу емес, тыңдау, қазақша сарынға үйрену, қазақша сөйлеуден тұрады, ал кинолардағы кейіпкерлердің табиғи сөйлеу мәнерімен танысып, әртүрлі оқиғаларда қолданған сөздерін есте сақтау арқылы сіз қазақшаны көбірек меңгересіз. Осы тұста келесі нүтелерге тоқталғым келеді:
- «Болашақ» корпоративті қоры Disney-дің мультфильмдерін қазақшаға аударады және дубляждалған нұсқасын барлық ірі кинотеатрлардан көрсетеді. Сіз сол тұсаукесерлерге бара аласыз немесе ғаламтор арқылы қазақша сөйлейтін Эльзаны тамашалай аласыз. ivi.ru сайтында қазақшаға аударылған бірнеше голливуд фильмдері бар.
- Ескісі бар, жаңасы бар қазақ тілді кинотуындыларды көру. Оған кезінде хит болған «Қыз Жібек», «Банданы қуған Хамит», «Менің атым Қожа», «Махаббат станциясы» фильмдері мен қазіргі «Жаужүрек Мың Бала», «Әмре», «Анаға апарар жол», «Әкім», «Қазақша бизнес» фильмдері кіреді.
- Соңғы жылдары қазақстандық киноиндустрия қарқынды дамуда және сізге қазақ тілді, заманауи сериалдар тізімін де ұсынғым келеді. «Ән аға», «Өгей жүрек», «Қарлығаш ұя салғанда», «Пәленшеевтер», «Айналайын» және т.с.с сериалдарды көрсеңіз болады.
- «Хабар», «Қазақстан» сияқты телеарналардың ресми сайттарында көрсетілген сериалдар, ток-шоулар және әртүрлі бағдарламалар дерекқоры бар және қазақша дауысқа бейімдергіңіз келсе, соларды көре аласыз.
- Қазақша әндерді тыңдау және ән сөздері арқылы жаңа сөздер үйрену.
Егер сіз қазақша әндердің барлығы той әндері деп ойласаңыз, қателесесіз. Соңғы уақытта Димашты немесе 91 тобының әндері арқылы қазақша үйрену сәнге айналған. Өзіңізге ұнайтын әртістердің әндерінің сөздерін қарап шығыңыз, түсінбейтін сөздерді аударып, жаттауға тырысыңыз. Ол сөздерді өмірде қолданыңыз. Батырхан Шүкенов, Медеу Арынбаев, Айқын, Димаштардың және Дос-Мұқасан,Музарт, Орда, 91, Moldanazar топтарын тыңдау арқылы қазақшаға махаббатты оятасыз деп сенемін.
Ғаламтордағы мүмкіндіктер.
Өкінішке орай, арнайы қазақ тілін үйрететін репетитор табу қиын немесе курстарға баруға уақыт тапшы, ал жеке үйренуге арналған сапала кітаптар аз. Кейбір адамдар үшін, тіпті, кітап арқылы тіл үйрену өте қиын, әрі мүмкін емес болып табылады. Бір қуанарлығы бұл мәселелер біртіндеп шешілуде. Келесі бағдарлама, сайт және каналдар сіз үшін пайдалы болуы мүмкін.
- Soyle.kz – қазақ тілін үйренуге болатын тегін платформа. Бұл жерде тындалым,айтылым,жазылым және оқылым дағдыларыңызды дамыта аласыздар. Әртүрлі бейне сабақтар мен сөздіктер, қазақша әндер, кітаптарды осы жерден табуға болады.
- Sozdik.kz –бұл сайтқа қазақ тілін жақсы білетіндердің өзі жиі кіреді. Орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға жеке сөздерді, сөз тіркестерін және тұрақты тіркестерді аударады. Ұялы телефоныңызға арнайы қолданбасын орнатып алсаңыз болады.
- Maksat Imangazi – youtube каналы - шетелдіктерге арналған қазақ тілінен бейне сабақтарды табуға болады. Сабақтар арнайы тақырыпшаларға бөлінген,яғни «Өзіңді таныстыру», «Амандасу» деген сияқты. Сабақтардың орташа ұзақтығы 5-6 минут, ал сабақтардың жалпы саны 24. Егер қазақшаны жаңадар үйреніп жатқан достарыңыз болса, осы каналды қарауға кеңес беріңіз.
- «Ситуативный казахский» қолданбасы – негізі дәл осылай аталатын кітапты оқу артық етпейді, бірақ міндетті түрде ұялы телефоныңызға осы қолданбаны орнатуға кеңес береміз. Әртүрлі оқиғалар және сол уақытта қолданылатын сөздермен танысуға болады. Сондай-ақ, орыс тілінде қолданылатын тіркестердік қазақша баламалары ұсынылған. Тілді үйрену барынша жеңілдетілген және қызықты материалды қолдынылған.
- Жаңалық порталдары. «Tengrinews», «Holanews», «The Steppe» сияқты БАҚ өкілдері бүгінде өз жаңалықтарын, мақалаларын және өзге де материалдарды қазақша ұсынуда. Әдетте қарапайым тілмен жазылатын жаңалықтарды оқу сізге саясат,экономика,заң және әлеуметтік салаларды қазақша талқылауға және сипаттауға мүмкіндік береді. Мүмкін сол саладағы кәсіби сөздермен танысып қаларсыздар,сондықтан таңертең немесе кешке 10-15 минут қазақша жаңалық оқыңыздар немес тыңдаңыздар.
- Әлеуметтік желідегі қазақ тілді блоггерлерге жазылу. Өркен Кенжебек, Айна Досқызы, Молдияр Оразалиев, Динара Болатқызы сияқты instagram-дағы парақшаларын қазақша жүргізетін азаматтарды оқып жүріңіз. Олар күнделікті өмірден бастап тарих, қоғамдық қозғалыстар, саяхат,спорт сияқты әртүрлі тақырыптарды қозғайды,яғни сіз тек қазақ тіліңізді дамытып қана қоймай, ой-өрісіңізді кеңейтесіз.
Өзге де кеңестер:
- 100 сын есім, 100 етістік жаттап, оларды сөйлегенде, жазғанда қолданыңыз.
- Жай сөйлемдер құрап, оларды бірыңғай мүшелермен, тұрақты тіркестермен толықтырыңыз немесе екі жай сөйлемді біріктіріп көріңіз.
- Айналаңыздан бір немесе бірнеше адамды таңдап, олармен тек қазақша сөйлесіңіз. Қате болып жатса түзетер, бірақ сіз тоқтамаңыз.
- Бір-екі шумақтан қазақша өлеңдер жаттаңыз, тіліңіз жаттыға берсін.
- Қазақ тілінде күнделік жазыңыз: болашаққа жоспарлар, өзіңізге есеп беру бәрін қазақша жүргізіп көріңіз. Сондай-ақ, күні бойы не істегеніңіз туралы 5-6 сөйлем жазып қойсаңыз болады.
- Тұрақты тіркестерді мағынасымен, жаңа сөздерді синонимдерімен жазып алып, жаттаңыз, сосын диалогтарда қолданыңыз.
- Біліміңізді тексергіңіз келсе, КазТест өтіп, деңгейіңіздегі өзгерістерді бақылап отырыңыз.
Қорықпаңыз. Қателессеңіз, қайта бастаңыз. Көмек сұраудан ұялмаңыз.
Өкінішке орай, әртүрлі таптаурындардың болуы, қоғамда орын алған оқиғалар қазақша сөйлеуді «қажет емес», «әдемі емес» деген ойларды тудыртты. Алайда, барлығы өзеруде. Бұрындары «ауылдан келгендер ғана сөйлейді», «мамбеттердің тілі» деп табылған тілде бүгінде құжаттар толтырылады, әдемі әндер айтылады және орынды сын-пікірлер жазылады. Бұрын қазақша жеткілікті ақпарат табу қиын десе, бүгін студенттер шет елдік мақалаларды, зерттеу жұмыстарын және кітаптарды қазақшаға аударуда. Орысша ортада тәрбиеленген жандар бүгін өз бетінше қазақ тілін үйренуе, ал кейбіреулер сүйікті әншілеріүшін бұл тілде сөйлегісі келеді және бұл үлкен жетістік. Ал бұл мақаланы жазудағы мақсатым – сіздермен қазақшамды қала дамытқаным туралы тәжірибеммен бөлісіп, мен сияқты қазақша сөйлегісі келіп, бірақ айналадағылардың ойынан қорқып, қателесуден ұялып жүргендерге ой салу. Біраз кітап оқып, қазақша әндерді тыңдап, жаңалық көріп, тілім қазақилана бастады, ал сіздің қазақшаңыз қалай, зияткер?
Автор: Аида Шамсутдинова - Павлодар қ. 2018 жылы НЗМ түлегі.