Казахские произведения про судьбу женщин
23.10.2020

Статья публикуется на языке оригинала.

Заманның талабы осы ма, әлде адамдардың қалауы ма, білмеймін, әйтеуір біз әлем әдебиетіне, киносына және өзге өнер туындыларына жақынбыз. Бұл дүние жақсы немесе жаман деп айта алмаймын, бірақ Джейн Остен мен Шарлотта Бронтені оқып отырып, біздің қазақ әдебиетінде әйелдер туралы қандай шығармалар бар деген ой туды. 

Иә, бәріміз мектеп бағдарламасының арқасында Шұғаның белгісі мен Жамалдың Бақытсыздығымен, көшбастаған Ұлпан мен Оралхан Бөкейдің атын атамаған Апасымен таныспыз, алайда барлық қазақ әйелдерінің тағдыры осынша қайғылы ма, олай болмаса неге бақытты, күшті әйелді ойлағанда аузымызға  Ұлпан ғана түседі деген сұрақтар сізді де мазалаған шығар.  

Сонымен, егер сіз Лиза Беннет, Скарлетт О-Хара және Джейн Эйрлардан бөлек рөлдік модель іздесеңіз немесе осыдан бірнеше  жылдар бұрын қазақ әйелдердің өмірі қандай болғанын білгіңіз келсе, келесі тізіммен танысып шығыңыз. 

Бақытсыз Жамал, Шұғаның белгісі, Ақбілек, Қамар Сұлу және Ұлпан шығармаларымен көбіңіз таныс деген есеппен, әйелдердің тағдыры жайлы жазылған келесі шығармалар тізімін ұсынамын. 

«Аққыз»  - Ақселеу Сейдімбек

Аққыз – Таймас байдың жеті перзентінен қалған жалғыз қызы. Әкесі қызына ұрпағын жалғастыратын жалғыз үміті ретінде қарайды, малға иелікті, өзінің атынан сөйлеу құқығын да қызы Аққызға берген. Тіпті, көршілес ел арасындағы дау- дамайды шешуге де Аққыз барады. Аққыз сабырлы, саналы болып ержетеді, ел арасында адал дос, уәдеге берік, ақылды жан деген аты шығады. 

Барымтаға байланысты болған даудың бірінде дұрыс шешім айтқан Аламан батырға күйеуге тиемін деп уәдесін бергенімен, Аққыз әкесінің көзі тірісінде біреуге тоқал болып, ата-анасының көңілін қалдырғысы келмейді. Осы уақытта Аққыз Наймантай деген жігітке ғашық болады, алайда Аламан батырға берген уәдесінен тая алмайды. 

Таразының бір жағында ел тыныштығы, уәде, ата-анаың үміті, ал екінші жақта жүрек сөзі, махаббат және екі жастың тағдыры. Аққыздың қандай шешім қабылдайтынын білгіңіз келсе, кітапты оқып шығыңыз. Айтпақшы, ғаламторда аудиожазбасы да бар. 

Әпке – Дулат Исабеков. 

Басты кейіпкер – Қамажай, ата-анасынан ерте айырылып, бауырларын өсіріп, жеткізеді. Бауырларын ойлағаны сонша, өзінің қалаулары жайлы ұмытады,  өзіне аз көңіл бөледі және көңіл білдірген Қабен есімді жігіттің сөзін қабыл алмайды. 

Тек өзін, өзінің мансабын және әйелін ойлап қалған інісі, басы ғылыми жұмысқа кеткен тағы бір бауыры, әпкесінің сөзін сөйлеймін деп үнемі ағаларымен керісіп қалатын сіңлісі мен жасы оннан енді асқан,өзін мама деп атайтын кенже бауырымен бірге тұру, олардың жағдайын жасау, бәрінің көңілін табу ӘПКЕнің негізгі жұмысы. 

Бұл шығарманы театрлардың сахнасынан тамашалап, экранизацияланған нұсқасын ғаламтордан таба аласыз. Көптеген отбасыларда тұңғыш балаға көп жауапкершілік артылады. Ал Әпкемен танысып, тұңғыш қызға артылған жүктің қандай ауыр екенін түсінесіз. 

Айпара Ана – Оралхан Бөкей

Орта жүз Тобықты ішінде Олжай деген батырдың болғанын және одан Айдос, Қайдос, Жандос(Жігітек) есімді 3 ұрпақ тарайтынын білдік. Айпара ана – Олжайдың бәйбішесі, сол ауылды билеген беделді, көреген және ақын болған. 

Ол кісі ұлы Қайдостың соғыста қаза тапқанын сезеді және еліне естіртеді. Майданда шейіт болған Қайдостың екі баласы және әйелі жаудың қолында қалады. Айпара кенжесі Жандосты екі немересін жаудан ұрлап алып келуге жұмсайды. Кейін Айпара ананың өз көшін жұттан қалай құтқарғаны туралы баяндалады. 

Өзіңіз байқағандай, шығарма көш бастаған Айпара ананың ерліктері және игі істері жайлы. Егер Абай жолының қалай басталғанын білгіңіз келсе, Айпара ана туралы оқыңыз. 

Ай мен Айша -  Шерхан Мұртаза

Жазушы бір сұхбатында  шығарманың кей бөліктері өзінің анасы жайлы екенін атап өткен, бірақ бірінгші бетінен бастап шығарманығ толықтай автордың өзі және анасы жайлы жазылғанын түсінуге болады. 

Шығармада соғыс жылдарындағы аналардың, «41-ші жылғы келіншектердің» тағдыры Айша образы арқылы көрсетіледі. Күйеуі Мұртаза тұтқындалғаннан кейін үш баласымен қалған Айша ана колхоздастыру науқанының құрбаны болады. Жоқшылықтың азабын, жалғыздықтың зардабын шегеді. Жауыз адамдар оны елден бездіреді, ал Айшаның қасында тек құдайға деген сенімі және сырын ақтаратын Ай ғана болады. 

Шығармадан тек әйелдің өмірі туралы ғана емес, Айшаның баласының жағдайынан хабардар болып, отбасылық қарым-қатынастар туралы көп нәрсе көңілге түюге болады. Айтпақшы, бұл кітап НЗМдердегі «100 кітап» тізіміне енген. 

«Күнікейдің күнәсі»  және  «Ақбілек» – Жүсіпбек Аймауытов

Бұл екі шығарманың бірге жазылына екі себеп бар: 

1. Екі шығарма да Жүсіпбек Аймауытовтың қаламынан туған.

2. Екі шығарманы салыстыратын болсаңыз, қазақ даласына білім мен ғылым келген соң қыздардың, әйелдердің тағдыры қалай өзгергенін байқауға болады. Сол себептен, біз алдымен Күнікеймен танысып, кейін Ақбілекті оқып шығуға шақырамыз. 

Күнікей – кедейдің қызы және бұл оның көп таңдауларын шектейді. Бір жағынан ол - атастырылған адамын мойындамай, некені бұзып өзгеге берілген, сын көтермейтін әйел. Екінші жағынан қарасаң, ол өз теңдігін қорғаған, жалпы ескілікке, көшпелі, жадағай тұрмыс тудырған әдет-салтқа қарсы күрескен, сол қорлық итермелеп ұзатылған адамынан қашып, сүйген жігітінің құшағына ұмтылған кекті қыз. Тағдырдың әділетсіздігінен, адамдардың қатыгездігінен жалғыздықпен бетпе-бет кездесуге тура келеді. 

Ақбілекке келсек, ол өз ұлттық әскерилерден зорлық көреді, олардан қашып жүріп, тауды мекен етеді, үйіне әрең оралып, ауыл адамдарының жаман сөзі мен көзіне қалады, бірақ мойымайды. Ол дүниеге өлі бала әкелдім деп ойлап, қалаға аттанады, оқиды, тоқиды және өзінің жан-дүниесін түсінетін жар кездестіреді. Шығармада жеңге мен қайын сіңлі арасындағы өте жылы қарым-қатынас суреттелген. 

Аймауытов теңдік, әйел құқығы жайлы көп дүние жазған, алайда, осы екі шығарманы ерекше атап өтуге болады. Бүгіннің өзінде әйел үшін білім мен жұмысты маңызды деп таппайтын адамдардың бар екенін ескерсек, бұл шығарма көп адамның көзін ашар еді. 

Бәйбіше-Тоқал – Мұхтар Әуезов

Егер сіз осыған дейін бір үйдің әйелдері арасындағы күндестік, көре алмаушылық және қызғанышпен ғана таныс болсаңыз, осы шығармаға көз жүгіртуді сұраймыз. 

Есендік байдың қайтыс болған бәйбішесі Бәтиманы сағынып отырған қызы мен келіні, 20 күн ішінде орын алған өзгерістер, Қайша тоқалдың лаңы және дүние-байлыққа таласу сияқты оқиғалармен осы пьесада кездесесіз. Қайтыс болып кеткен Бәтима үйдегілердің басын қосып, отбасыны сабырға шақырып отыратын, барлық баланы бөліп-жармай өз баласындай көрген адам. Оның бәрін біз келіні Күләштің естеліктерінен білеміз. Сондай-ақ, Күләш Бәтиманы жоқтап, оның істеген ісін, жақсы қасиеттерін еске алып жүргенінен оның енесінің қадірін білген,есті келін екенін байқаймыз. 

 Автор Күләшты кейіпкер ретінде дамыту барысында Бәтиманың бейнесіне, тәрбиесіне оралып  отырады. Қаншама қиындық көрсе де, отбасы үшін күрескен Күләштің тағдыры не болатынын пьесаны оқып, не көріп біле аласыздар. 

Қалың мал - Спандияр Көбеев

Аты айтып тұрғандай, шығарма қалың мал жайлы. Бірақ шығармада әлеуметтік теңсіздік, әйел құқығының ескерілмеуі, биліктің асыра пайдалануы мәселелелері де көтеріледі. 

Романнан сөз бастап, шешім айтатын «әділ» билердің өз пайдалары үшін Есмұраттың келінін саудалап жатқанын, 60-тағы Тұрлығұл мал беріп өзінің қызындай Ғайшаны алмақ болғанын көреміз. Көңілге қатты бататын және есте көп сақталатын сөздердің бірін Тұрлығұл айтады. “Маған бермесе де малға береді” – деп, Ғайшаға заттай қарайды. Бұған Ғайшаның әкесінің дүниеқоңыздығы, байлыққа құмарлығы әсер еткен және әкесінің қызы жайлы ойламауы романның басты мәселелерінің бірі. Елдің барлығы Ғайшаны аяйды, бірақ дәл әрекет ету қажет болғанда барлығы байдан, оның билігінен қорқады және ештеңе істемейді. 

Ғайшамен бірге жылап, Ғайшамен бірге таусылмайтын сұрақтарға жауап іздейсіз. Ғайшамен бірге қалың малдың  болғанына өкінесіз. Оқып шығыңыз, бәлкім, бүгінде жанданып келе жатқан осы дәстүрден бас тартып та қаларсыз. 

Өзге шығармалар жайлы. 

Қазақ даласындағы әйелдердің өмірі, істеген ісі, түйген ақылы жайлы келесі шығармалардан біле аласыз. «Абай жолының» өзінде ақынды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, жары болған Ділдә мен Әйкерім, ғашығы Тоғжан, замандасы Салтанат бейнелерімен таныса аласыз. «Шоқан асулары» повесінде Шоқанның әжесі, ел билеген Айғаным туралы жазылса, «Махаббат қызық мол жылдарда»бас кейіпкер  Меңтайдан бөлек оннан астам әйелдердің образымен кездесесіз. 

 

Бұл мақаланы жазбас бұрын қазақ әдебиетіндегі әйелдер образына шолу жасадым. Өкінішке орай, бізде ақыл айтып, елді сабырға шақыратын , ақ жаулықты ана, отбасы үшін бәріне баратын келіндер және дәстүрдің құрбаны болған бақытсыз жас бойжеткендерден бөлек образдар аз екен. Бәлкім, заман сондай болған шығар – иен даланы мекен еткен,  көшпелі қазақ ауылдарынан Анна Каренинаны немесе Элизабетт Беннетті кездестіру мүмкін де емес қой. Бір жаманы – көп шығармалардағы кейіпкерлердің тағыдыры қайғыға толы. Бірақ ойлап қарасаң, өмірі оңай, өз қалауымен болған адамдар жайлы кітапті кім жазады деген ой туады. 

Шығармаларды оқып отырып, көп нәрсенің өзгермегенін байқау – ауыр. Жүсіпбек пен Мұхтар құқығын қорғауға тырысқан қазақ әйелдерін бүгін біз қорғауымыз керек. 

Сіз бен біз.